Зілзала салдары: «Алматылықтар ақпараттың жетіспеуінен терезеден секіріп кетті»


23/01/2024
13:06 9335 0

Фото: Ашық дереккөзден

 

Премьер-министр Әлихан Смаилов Алматыда қаңтардың 22-інен 23-іне қараған түні болған жер сілкінісіне байланысты мәлімдеме жасады.  Ол аймақтардағы әкімшіліктерге төтенше жағдай кезінде тиісті органдармен бірігіп жұмыс істеу жоспарын пысықтауды тапсырды. 

 

Смаиловтың сөзінше, зілзала толған түні Алматыда адамдар дұрыс шешім қабылдамаудың салдарынан терезеден секіріп кеткен. Оған ақпараттың жеткіліксіз болуы себеп болған. 

 

– Олар дұрыс шешім қабылдамағандықтан 2-3 қабаттан секіріп зардап шекті. Бұл дер кезінде дабыл құралдарын іске қосып, смс жіберу қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Қала тұрғындарын бұндай жағдайда өзін қалай ұстау керектігін ақпараттандырып отыру қажет. Сейсмикалық аймақтардың барлығында оқу-жаттығу жұмыстарын жиі өткізу керек. Тұрғындар іс-қимыл алгоритмын іс жүзінде білуі тиіс, – деді Смаилов. 

 

Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Нұрлан Атығаев 23 қаңтар таңертеңгі баспасөз мәслихатында сейсмостанциялар магнитудасы 5,5-тен асатын зілзаланы тіркеген кезде ғана дабыл іске қосылатынын айтқан.

 

– Бізде 4-тен 5-ке дейінгі балл болды. Сондықтан сиренаны қосудың қажеті де, мағынасы да болмады– деген ол. 

 

Ал SMS хабардың дер кезінде жіберілмеуін ұялы байланыс операторларының ақпаратты уақытында өңдей алмауымен түсіндірген ТЖД басшысы. 

 

– Мұндай шұғыл сәтте SMS-хабардың қала тұрғындарына дереу жетпейтінін бұған дейінгі практика көрсетті. Себебі халық тығыз орналасқан. Ұялы байланыс операторлары ақпаратты өңдеп үлгермейді, сондықтан ақпарат кеш барады, – деген Атығаев. 

 

Зілзала кезінде адамдардың 2-3 қабаттан секіріп кеткені жөнінде ақпарат тараған. БАҚ мәліметінше, жер сілкінісі салдарынан қырықтан астам адам медициналық көмекке жүгінген. 

 

 

Поделиться

Нет комментариев.

23/01/2024 13:06
9335 0

Уведомление